Әдістемелік кабинет пен №40 жалпы білім беретін орта мектебінің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес мектепішілік «Аналар» кеңесінің ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында “Сырлы жеңге, сұлу қыз” сайысы өткізілді. Ата дәстүрін жоғалтпаған үлгі боларлық байқауға №16, 20, 26, 28, 30, 34, 36, 40, 41, 47 мектептер қатысты. Он мектептен жұптасып сынға түскен қос арулар 4 кезең бойынша бақ сынасты.Қазақ қыздарына тән инабаттылыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеуде жеңгелерінің алатын орнын насихаттау және қайын сіңілі мен жеңге арасында жақсы қарым-қатынас қалыптастыруды мақсат еткен сайыста Қазақстан Республикасының құрметті азаматшасы, Патриоттық белсенділігі үшін медалінің және “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісінің иегері, медиатор Б.Ә.Әбілдаева, Ақтөбе облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы жанынан құрылған “Әй – КЕРІМ” келіндер клубының жетекшісі А.Б. Тулеуова, Ақтөбе облысының дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының мүшесі, дизайнер тігіншілер И.Ж. Утенова мен М.К. Жарылгасова төрелік етті.
Сайыс қорытындысы:
I орын – №47 мектеп
II орын – №30, №40 мектептер
III орын – №20, №28 мектептер.
«Сырлы жеңге, сұлу қыз» сайысының сценарийі
Өткізілетін күні: 17.03.2023 жыл
Өтетін орны: мәжіліс залы
Қатысушылар: №16, №20, №26, №28, №30, №34, №36, №40, №41, №47 мектептер
І жүргізуші
Қайырлы күн, қымбатты қонақтар! Күніміз сәтті, берекелі болсын! Сіздерді келіп жеткен Наурыз мерекесімен құттықтаймыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
ІІ жүргізуші
Бүгінгі «Сырлы жеңге, сұлу қыз» атты қалалық сайысымызға қош келдіңіздер!
І жүргізуші
Бұл байқауымыздың мақсаты қазақ қыздарына тән инабаттылыққа, имандылыққа, әдептілікке, арлылыққа тәрбиелеуде қыз бен жеңгелерінің орны ерекше екенін насихаттау, ұлттық салт-дәстүрді қадірлеу, туыстық қатынас, соның ішінде жеңгесінің орны мен рөлін ұғынуға тәрбиелеу
ІІ жүргізуші
Иә, қыздар мен жеңгелері арасындағы татулыққа не жетсін! Қазақ халқы «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп бекер айтпаған.
І жүргізуші
Сахна төріне мектебіміздің оқушысы Байғали Лаураны жеңгесі Райхан Қуандыққызымен бірге «Сырғалым» әнін орындауға шақырамыз.
І жүргізуші
Армысыңдар, қадірменді асыл халқым,
Арта берсін абырой, атақ – даңқың.
Қарсы алайық қыздарды жеңгесімен
Ұстаған қазағымның ата – салтын дей келе, сайысқа қатысушы қыздарымыз бен жеңгелерін ортаға шақырайық!
№16 орта мектебі
№20 орта мектебі
№26 орта мектебі
№28 орта мектебі
№30 орта мектебі
№34 орта мектебі
№36 орта мектебі
№40 орта мектебі
№41 орта мектебі
№47 орта мектебі
ІІ жүргізуші
Сайысымыздың алғашқы сөз кезегі Ақтөбе қалалық білім бөлімінің әдіскері Айтпағамбетов Айбек Сағынбайұлына және №40 орта мектебінің директоры Терекова Жанар Өтеғұлқызына беріледі
І жүргізуші
Құрметті сайысқа қатысушылар, сайысты бастамас бұрын Сіздерді әділ бағасын беретін қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
1.Қазақстан Республикасы құрметті азаматшасы, Патриоттық белсенділігі үшін медалінің және “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісінің иегері, медиатор Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы
2.Облыстық “Әй – КЕРІМ” келіндер клубының жетекшісі Тулеуова Арайлым Берікқызы
3.Ақтөбе облысының дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастығының мүшесі, дизайнер, тігінші Утенова Ынтызар Жомартовна
І жүргізуші
Асыл тастан, өнер жастан
Шығады деп дарынды.
Халық айтса, халық сөзі
Әрқашан да нанымды
ІІ жүргізуші
Өнер қуып сайыскерлер өтер дейміз,
Бір басына өнері жетер дейміз.
Сайысқа келген әр жұп кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтсе дейміз
І жүргізуші
«Сәлем – сөздің анасы» деген, ендеше қыздарымыз мен жеңгелерінің таныстыруына кезек береміз
(әр жұп өздерін таныстырып өтеді 3 мин)
І жүргізуші
Гүлзия, әр халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі өзіндік тарихи тағылымы бар. Өткеннің бай рухани мұрасын тал бойынша дарытқан озық өнегелі дәстүрсіз, ұрпақтар сабақтастығынсыз тарихты елестету мүмкін емес.
ІІ жүргізуші
Иә, Айболат, келісем. «Халқын сүйген – салтын сүйер» деген. Қыздарымыз жеңгелерін қазақтың салт – дәстүріне байланысты көрініс көрсетуге ортаға шақырамыз. (қыз бен жеңгесі қазақтың салт дәстүріне байланысты көрініс қояды 5-7 мин)
І жүргізуші:
Жас ару жас ғұмырдың талғамысың,
Қуантқан әрбір үйдің арманысың.
Дәл бүгін қанат қомдап сыналарда,
Сан сұрақтан сүрінбей самғап ұшқын.
ІІ жүргізуші:
«Сырымыз бір жеңгелер» ситуациялық сұрақ – жауап бөліміне кезек берелік. Ата дәстүр – асыл қазына, қыздырамыз бен жеңгелері ата дәстүрді қаншалықты білетіндігіне назар аударайық (қатысушы жеңгесі мен қайын сіңілісі конверт алып, сұрақтарға жауап береді 2 мин)
І жүргізуші:
Ағайынға аймақ болған жеңешем, Абысынға қаймақ болған жеңешем. Жасық қылмай жайнап жүрші, жаным деп, Қайын сіңіліге қайрат берген жеңешем деп, «Мен жеңгемнің өнерін мақтан тұтам» атты үй тапсырмасына кезек берелік
ІІ жүргізуші:
Қыздарымыз жеңгелерімен бірге жасаған қолөнер бұйымдарын таныстырады және қорғайды (жеңгесімен бірге жасаған қолөнер бұйымын таныстыру және қорғау 3 мин)
І жүргізуші:
Бүгінгі сайысымыз да өз мәресіне жетті. Әділқазы алқасын шешім шығарғанша бүгінгі сайысымызға қатысушы жеңгелерімізге арнап, тамаша әнді тарту етеміз
«Келінжан» Амангелдіқызы Назерке (жас келін, мектеп психологы) «Әке -ана» әні Байғали Лаура (10 класс оқушысы) Терме Нарек Бауыржан (мектеп ата-анасы, дене шынықтыру пәні мұғалімі)
І жүргізуші:
Бүгінгі «Сырлы жеңге, сұлу қыз» сайысының қортындысын таныстыру үшін әділқазылар алқасыен сахна төріне шақырамыз
ІІ жүргізуші:
Жеңімпаздар марапаттарыңыз құтты болсын! Жеңге мен қайын сіңілі арасындағы сыйластықты үлгі еткен барша қатысушыларға алғыс білдіреміз!
«Сәлем – сөздің анасы» кезеңінде қыздар мен жеңгелерінің таныстыруы
«Халқын сүйген – салтын сүйер» кезеңінде қыздар жеңгелерімен бірге қазақтың салт – дәстүріне байланысты көрініс көрсетуі
«Сырымыз бір жеңгелер» ситуациялық сұрақ – жауап кезеңінде қыздардың жеңгелерімен бірге сұрақтарға жауап беруі
«Мен жеңгемнің өнерін мақтан тұтам» атты үй тапсырмасы кезеңінде қыздардың жеңгелерімен бірге жасаған қолөнер бұйымдарын таныстыруы
Жеңімпаздарды марапаттау сәті